Орта сыныптар бағдарламасы (MYP)
11-16 жас аралығындағы оқушылардың білім алуы Халықаралық бакалавриат орта мектеп бағдарламасы (MYP) мен Қазақстан мемлекеттік білім беру стандарты талаптарын үйлестіру негізінде жүзеге асырылады. Бағдарлама оқушылардың шығармашылық және сыни ойлау, зерттеу дағдысын және жаһандық дүниетанымын дамытуға бағытталған.
5–10
Сыныптар
11–16
Жас аралығы
8
Білім беру саласы
6
Жаһандық мәнмәтін

Бағдарламаға шолу
Оқушылардың шығармашылық, сыни және жаһандық ойлауын дамыту
Алматы қ. «Мирас» халықаралық мектебінде Халықаралық бакалавриаттың орта мектеп бағдарламасы (MYP) 5-10-сыныптар аралығында жүзеге асырылады. MYP – академиялық талаптары жоғары, халықаралық деңгейде мойындалған білім беру бағдарламасы. Ол болашақтағы академиялық және жеке өмірлік сын-қатерлерге дайын, терең білімді, өз іс-әрекетіне сыни тұрғыдан баға бере алатын және жаһандық дүниетанымы қалыптасқан оқушыларды тәрбиелеуге бағытталған.
Бағдарлама зерттеуге негізделген оқыту тәсіліне, тұжырымдамалық түсінікті қалыптастыруға және оқыту дағдысын дамытуға (Approaches to Learning, ATL) негізделген. Негізінен ақпаратты есте сақтауға бағытталған дәстүрлі оқытудан айырмашылығы, MYP оқушыларға пәндер арасындағы мазмұнды байланысты анықтауға, алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдануға, сыни және дербес ойлау қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Оқушылар күрделі идеяларды зерттейді, тиімді қарым-қатынас жасауға және өзгелермен ынтымақтаса жұмыс істеуге үйренеді, сондай-ақ өзіндік оқу үдерісін ұдайы талдап, ой-елегінен өткізуге тырысады.
Оқу бағдарламасы
Сегіз пәндік топ
Алматы «Мирас» халықаралық мектебінде Халықаралық бакалавриаттың академиялық талаптары мен халықаралық стандартын Қазақстан Республикасы білім беру стандартымен үйлестіретін интеграцияланған оқу бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл тәсіл оқушыларға халықаралық деңгейде мойындалған білім алуға, сонымен қатар ұлттық академиялық талаптарға сай болуға және жергілікті мәдениетпен, тілмен әрі ұлттық болмыспен тығыз байланысты сақтауға мүмкіндік береді.
Тіл және әдебиет
Бірінші тіл (Тіл A): ағылшын, қазақ, орыс
Шет тілдер
Екінші тіл (Тіл B): қазақ, ағылшын, орыс, француз
Математика
Жаратылыстану ғылымдары
Жаратылыстану, химия, физика, биология
Адам және қоғам
Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, гуманитарлық ғылымдар және география.
Дизайн
Цифрлық дизайн
Өнер
Бейнелеу және орындаушылық өнер
Дене шынықтыру және саламатты өмір салты негіздері
Дене шынықтыру және саламатты өмір салты негіздері.
Жаһандық мәнмәтін
Жаһандық перспективалар арқылы оқыту
Оқу процесінде студенттер жаһандық маңызды мәнмәтіндерді зерттейді.
Жаһандану және тұрақты даму
Әділеттілік және даму
Бірегейлік және қарым-қатынас
Кеңістік пен уақытқа бағдарлану
Жеке және мәдени өзіндік көрініс
Ғылыми-техникалық инновациялар
Бағдарламаның ерекшеліктері
Біздің бағдарлама несімен ерекшеленеді
Тұжырымдамалық оқыту
MYP бағдарламасының негізгі ерекшелігінің бірі – оқытуға тұжырымдамалық қатынас. Негізгі және олармен байланысқа ие тұжырымдамаларды зерттеу арқылы оқушыларда түрлі пән саласы мен контекстерде қолдануға болатын тереңірек түсінік қалыптасады. Бұл тәсіл жоғары академиялық талаптар деңгейін қамтамасыз ете отырып, шығармашылық ойлау, мәселе шешу және халықаралық ойлау дағдысын дамытуға ықпал етеді.
Іс-әрекет арқылы қызмет ету (Service as Action)
Академиялық білім алумен қатар, барлық оқушылар «Іс-әрекет арқылы қызмет ету» (Service as Action) компонентіне қатысады. Бұл бағыт қоғаммен мазмұнды өзара әрекеттесуге, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және алған білімі мен үйренген дағдысын сыныптан тыс ортада қолдануға мүмкіндік береді.
Тіл және әдебиет
Екінші тілді (Language B) үйрету барысында саралау тәсілі қолданылады: оқушылар тіл меңгеру деңгейіне сәйкес топтарға бөлінеді. Бұл оқыту тиімділігін арттырып, әр оқушының жеке білім алу қажеттілігін ескеруге мүмкіндік береді.
Тұрғылықты елді танып-білу
«Мирас» халықаралық мектебі шетелдік оқушыларға Қазақстан тарихын, мәдениетін, дәстүрін және қазіргі өмірін тереңірек тануға көмектесуге тырысады. Мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған оқып-үйрену арқылы оқушылар елдің тарихи-мәдени мұрасымен, құндылықтары және ұлттық болмысымен танысып, мәдени әр алуандық пен жергілікті дәстүрге құрметпен қарауға үйренеді.
Оқыту сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде ауызекі сөйлеудің бастапқы дағдысын дамытуға да ықпал етеді. Бұл оқушыларға күнделікті жағдаяттарда қарым-қатынас жасауға, жергілікті қоғамдастық өміріне белсендірек араласып, өздерін сенімдірек сезінуге көмектеседі.
Көп тілді тәсіл
Біздің мектеп оқушылардың түрлі академиялық және тілдік қажеттілігін ескеретін көптілді білім беру ортасын туғыызады. Отбасы үш тілдік бағыттың бірін таңдай алады: орыс тілінде оқыту бағыты (Russian Taught Stream, RTS); қазақ тілінде оқыту бағыты (Kazakh Taught Stream, KTS); ағылшын тілінде оқыту бағыты (English Taught Stream, ETS). Бұл оқушыларға өз білім алу және мәдени контексіне, сондай-ақ жеке оқу мақсатына мейлінше сәйкес келетін тілдік ортада білім алуға мүмкіндік береді.
Ағылшын тілі – мектеп қауымдастығының негізгі оқу және қарым-қатынас тілінің бірі. Ағылшын тілінде оқу бағытымен қоса, орыс және қазақ тілдерінде білім алатын оқушылар да 9-10-сыныптарда жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқу арқылы ағылшын тілінде сөйлеу дағдысын жетілдіріп, жүйелі түрде деңгейін арттыра алады.
Бұл курстар халықаралық ортада білім алуға және қарым-қатынас жасауға қажетті тиімді коммуникативтік дағдыны қалыптастыруға ықпал етеді. Бұдан өзге, олар жоғары сыныптарда, соның ішінде Халықаралық Бакалавриаттың жоғары сыныптарға арналған Дипломдық бағдарламасы (IB Diploma Programme, 11-12-сыныптар) шеңберінде ағылшын тілінде білім алуды жоспарлаған оқушыларды дайындауға көмектеседі.
STEAM
«Мирас» халықаралық мектебінде STEAM-білім беру 5-сыныптан бастап пәнаралық оқыту мен зерттеуге негізделген қатынас арқылы жаратылыстану ғылымдарын, технологияны, инженерияны, өнерді және математиканы біріктіреді. Оқушылар практикалық жобаларға қатысады, робот техникасымен және бағдарламалаумен айналысады, дрондармен жұмыс істеп, инженерлік есептер шешеді және алған білімін нақты өмірдегі мәселелерді шешу үшін қолданады.
Бұл тәсіл Халықаралық бакалавриаттың оқыту принциптеріне сәйкес шығармашылық және сыни ойлауды, ынтымақтастық дағдысын және цифрлық сауаттылықты дамытуға ықпал етеді.
Дизайн және технология
«Мирас» мектебі заманауи технологиялар мен инженерлік принциптерді оқып-үйрену арқылы оқушылардың цифрлық сауаттылығын, шығармашылық және сыни ойлау қабілетін, сондай-ақ мәселені шешу дағдысын дамытуға ұмтылады. Оқушылар бағдарламалау тілдерімен, заманауи компьютерлік технологиялар және робот техникасымен танысады, сондай-ақ практикалық және жобалық оқыту шеңберінде дизайн-ойлау принциптерін меңгереді.
Оқыту технологияларды жауапты әрі этика тұрғысынан пайдалану дағдысын да қалыптастырады. Бұл оқушылардың цифрлық мәдениетін дамытуға және технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында әрі қарай білім алуға әрі кәсіби қызметке дайындалуына көмектеседі.
Өнер бағдарламасы
Өнер бағдарламасы музыка, бейнелеу өнері және драма өнері бағытында ұсынылады және Халықаралық бакалавриаттың MYP бағдарламасы талаптары мен философиясына сәйкес жүзеге асырылады. Ол оқушылардың шығармашылық қабілетін, өзіндік ойын көркем түрде жеткізу дағдысы мен көркем ойлауын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ, алуан түрлі өнер арқылы өзіне деген сенімін, коммуникативтік дағдысын қалыптастыруға көмектеседі.
Оқу жылы бойы оқушылар мектеп қойылымдарына, көрмелерге және шығармашылық іс-шараларға белсене қатысады. Бұл оларға өз талантын сахнада көрсетуге және мектеп қауымдастығының мәдени өміріне үлес қосуға мүмкіндік береді. Осындай іс-шараларға қатысу орындаушылық шеберлікті, ынтымақтастық пен командада жұмыс істеу қабілетін, сондай-ақ шығармашылық ортадағы жауапкершілік сезімін дамытуға ықпал етеді.
Қорытынды тәжірибе
Жеке жоба (Personal Project)
Бағдарлама 10-сыныпта оқушының өзі бастама көтеріп, дербес әзірлеп, жүзеге асыратын қорытынды жұмысы – Жеке жоба (Personal Project) орындаумен аяқталады. Жеке жоба шеңберінде оқушылар өздерін қызықтыратын тақырыпты зерттейді, зерттеу және өзін-өзі басқару дағдысын қолданады, сондай-ақ жинақтаған білімін, дағдысын және дербес әрі жауапты тұлға ретінде жеке дамуын көрсететін өнім жасайды немесе нақты нәтижеге қол жеткізеді.
Жеке жоба оқушының жаһандық контекстерді түсінуін және өз бетінше білім алу қабілетін көрсетеді.
Жобаны бағалау барысында оқушының жұмыс процесінде қолданатын дағдысының даму деңгейіне басты назар аударылады.
Жеке жоба белгілі бір пән бойынша орындалатын қорытынды жұмыс болып табылмайды, ол оқушының білім алудың барлық бағыттары бойынша жан-жақты дамуын көрсетеді.
Әрі қарайғы білім алу траекториясы
MYP бағдарламасынан Дипломдық бағдарламаға қарай
«Мирас» халықаралық мектебінің оқушылары MYP бағдарламасы шеңберінде Халықаралық бакалавриаттың жоғары сыныптарға арналған Дипломдық бағдарламасы (IB Diploma Programme, 11–12-сыныптар) немесе ұлттық білім беру бағдарламасы (11-сынып) бойынша оқуын табысты жалғастыруға қажетті білім, дағды мен құндылықтарды меңгереді. Сонымен қатар олар өзара тығыз байланысқан бүгінгі әлемде белсенді, жауапты және үздіксіз дамуға ұмтылатын тұлға болып қалыптасады.
10-сыныпта оқушылар MYP бағдарламасы бойынша оқуын аяқтайды. Өз қалауы бойынша олар IB-дің әрбір пәндік тобында ұсынылатын пәндер бойынша сыртқы бағалаудан (eAssessment) өте алады. Бағалау нәтижесі бойынша оқушыларға Жетістіктер туралы табель (Record of Achievement) немесе Халықаралық бакалавриаттың орта мектеп бағдарламасын (MYP) аяқтағаны туралы сертификат беріледі.
MYP
DP